Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушылардың барлығын жол жүрісі қағидаларын сақтауға шақырады.
Жолдағы қауіпсіздік жағдайы маңызды және өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Ол үшін бұл бағытта көп нәрсе жасалып жатыр. Заңнамалар өзгертіліп, жолдарда жаңа инженерлік шешімдер енгізіліп келеді.
Ақпараттық жүйелер мен бағдарламалар жол жүрісіне қатысушылардың қауіпсіздігін арттырып, полиция жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бұл жолдағы қауіпсіздік деңгейін жақсартуға да әсер етеді. Мәселен, ағымдағы жылы апаттылықтың барлық көрсеткіштері төмендеді:
– жол-көлік оқиғалары – 4%-ға
– онда қаза болғандардың саны – 2%-ға
– жарақат алғандардың саны – 8%-ға.
Атқарылған жұмыс нәтижесінде мыңнан астам азаматтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ.
– Мен ата-аналарға, тәрбиешілерге, ұстаздарға және еліміздің ересек тұрғындарына үндеу жасағым келеді. Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі біздің қолымызда екенін ұмытпайық!
Жалпы көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, биыл да жол апаты салдарынан болған жасөспірімдер өлімінің көрсеткіші бұрынғыдай жоғары деңгейде қалып отыр. Тоғыз ай ішінде жол апатынан 210 бала көз жұмған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға көп, – деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Балалар – жол жүрісіне қатысушылардың ең осал санаттарының бірі. Сондықтан балалар мен жасөспірімдердің жол жүрісі қағидаларын бұзбауын түсіндіру, ереже бұзу жәйттеріне куә болған жағдайда оның алдын алу – әрбір ересек адамның міндеті.